17 Наурыз, 2015 NEWS
Ән ғұмыр: «Бөде үй» жайлы бір дерек (видео)
Біз кезекті бұл жазбамызда әннің тарихы мен табиғатына тоқталсақ па деген үмітіміз бар. Кемеңгер кеңістігінде шекара болушы ма еді. Қолымызда қатталып, ықылым...
Біз кезекті бұл жазбамызда әннің тарихы мен табиғатына тоқталсақ па деген үмітіміз бар. Кемеңгер кеңістігінде шекара болушы ма еді. Қолымызда қатталып, ықылым заманалардан жеткен музыкаға байланысты көне жәдігерлерді сараптай отырып, әл-Фараби мен Абайдың саз өнерінде де өзара рухани сабақтастықта болғандығын бағамдадық. Бұл енді басқа тақырыпқа ныспы тартып тұрғандықтан ЖАРАТҚАН жақаса, сәті түскен күн қайыра соғармыз деген оймен аял еттік.
Хакімнің көп еңбектерінің арттағы алаш баласына толығымен жетпегендігі жайлы баспасөз беттерінде бірнеше дүркін шаң бергендігі бар. Расында осы бір күмәннің аныққа айналғандығына хакімнің өз өлеңдері арқылы тағы да көз жеткізіп отырмыз. «Әнді сүйсең менше сүй» деп қатаң талап қоя білетін кемеңгердің ән табиғатына әбден қанық болғандығы шүбәсіз. Сөйткен Абай ән дегеніміз не, оның сыры мен сымбаты қандай болу керек деген сұрақтарға «Білімдіден аяман сөздің майын, алты өлеңмен білдірдім әннің жайын» деп ән тақырыбының өзіне ғана алты өлең арнағандығын айтады. Ал Абайдың академиялық сүзгіден өтіп, жеке кітап ретінде құрастырылған екі том еңбегіндегі ән тақырыбына жазылған өлеңдерінің саны үшеу ғана. Біз төбедегі тақырыпқа оралмас бұрын алдағы айтылмақ әңгімеміздің тұздығы үшін үш өлеңнің бірер жолы жайында ғана қысқаша сөз шығындасақ деген ойымыз бар. «Көбінесе ән басы келеді ащы, кел тыңда деп өзгеге болар басшы» - дейді хакім Абай. Өлеңнен түсінгеніміз, Асқар Сүлейменовше айтсақ «дауысты сәл бұқтырып алып ыра көтеретін» алғашқы ащы дауыс ел назарын өзіне елітетін әннің айрықша тәсілі екен. Ал дегенде самғата ұшырып алып, қауырсынша қалықтататын осы бір тәсіл намаздың азаны іспетті. Тек ән басында ғана айтылатын АҢДАТПА БҰЛ ҰҒЫМНЫҢ көптеген әндеріміздің келсін келмесін әр жерінде қолдан қиыстырылуы ән өнерінің киесін кетіріп-ақ тұр. Содан шығар дауыс көрсету дегенді жалау етіп ән айту дегеніміз айғайлай беру дейтіндей можантопай дәрежеге құлдырадық. Қазақтың «ән білмеген ойбайға (дауысқа) зорлайды» дегені осыны көрсетеді. Осы бір ойдың Абай ауызымен «Құр айғай бақырған, құлаққа ән бекен...» деп те түрленетіні бар. Бұл ғасырлар тәжірибесіндегі халық талғамымен Құнанбай баласының пайым парасатының әмәнда бір арнада үнемі тоқайласып отыратындығын көрсетеді. Мұны қысқаша ғана зерделер болсақ, әнді дауыстан бөлек АҚЫЛ мен ЖҮРЕК, ТАЛҒАМ мен ТАНЫМ секілді қасиеттердің айтатынын көрсетеді. Кемеңгердің «Адам аз мұны біліп ән саларлық» деген ойының астары осыны аңдатады. Әңгімеміздің ауанын Абаймен дестелеуіміздің өзіндік себептері де жоқ емес. АҚЫЛДЫҢ (бұл жерде білімнің дейікші) жоқтығы бүгінгі әншілердің «құтына» айналып тұр.
Сонымен, ой тамыздығына түрткі болған «бөде үй» сөзі XVIII ғасырдың зор туындысы «Шәпибай-ау» әнінде ғана тұңғыш рет кездеседі. Шәпидің кім болғандығын эрудит ғалым Таласбек Әсемқұлов “Отукен” сайтында толыққанды жазғандықтан оны қайталап жатуды артыққа санадық. Салтымызда жасы баршын тартып, отырып қалған қызды жасауымен жеке шығарып оңаша киіз үй тігетін жоралғы сақталған. Осыны «бөде үй» дейді. Бұған жар іздеген жігіттердің келіп кетуіне рұхсат етілетін болған. Осы ұғымға байланысты жазылған көрнекті қаламгер Қалихан Ысқақтың да «Бөде» деген шығармасы бар. Қалекең онда он екіге толған бойжеткеннің оң жаққа шығарылып, жеке үй тігілуін «бөде» деп атайды деген сыңайда жазады. Бұл орайда жасымыз кіші болса да жазушы еңбегіне аз-кем түзету жасағымыз келеді. Қалекең айтып отырған он екіге толған бойжеткенді үйдің оң қапталындағы шымылдық ішіне жеке шығаруын қазақта КӨСЕГЕ дейді. Осы КӨСЕГЕ сөзі, кейін келе басқа мағынаға ұласқан тәрізді. Айналасы шымылдықпен көмкерілген қыз төсегіне еркек кіндіктінің қол тигізуіне бабалар танымы қатаң тиым салатын болған.
Әңгіме барысында әншілеріміздің әлеуеті (интелектісі) жайында үзілген бір сөзімізді әрмен қарай үстей түскіміз келеді. Есімдері елге мәлім әншілеріміздің өзі «Шәпибай-ау» әніндегі «бөде үй» сөзін «бәдәуи» десе, тағы біреулері «бөдеби» деп айтып әбден жентектеп бітті. Осы орайда оқырман санасына мына бір мәселені де сыналай кеткіміз келеді. Әр замананың өзіне тән сөздік жаралымы (лексиконы) болатыны секілді әннің де әр ғасырлық әуезі болады. Себебі сөз бен саз апалы-сіңлілі адамдар секілді. Домбыраның қос ішегіндей осы бір қосамжар ұғымды бірінен-бірін бөлек қарастыру тіптен ақылға томпақ.
Музыка мамандары күй өнері тарихының шежіресін IX ғасырдағығы Қорқыттан бері қарай тарататыны мәлім. Бір қызығы зерттелген еңбектерге сенсек ӘН ӨНЕРІ одан мың жыл кейін, яғни XIX ғасырдан бастап қана пайда бола бастаған екен. Сонда деймін-ау, домбырасы бола тұра саз, сезімі бола тұра ән салмастан біздің бабаларымыз он ғасыр бойы жарылып кетпей қалай ғана шыдады екен. Әрине, қайран қалдырарлық жағдай. Бергіні айтпағанда Біржан сал мен Ақан серінің арғы жағында дауылпаз дарындар шоғыры (галериясы) болмады дегенге кім сенеді. Бұл өнер саңлақтары тек бард (сөз, саз, орындаушы үштігін ұштастырған дарын) болып ғана қоймай әрідегі өнер иелерінің жауһар мұраларының жанашыр жеткізушісі болғандығы тағы да айдан анық қой.
Рас, кеселдің бәрі кешегі кер заманнан басталды. 1933 жылдың бедерінде дін мен ескілікті (феодализмді) көксеп отыр деген жаламен бес жүзден астам ән мәтіні түрмеге тоғытылды. Мұнымен тыншыр қызылдар ма, алғашқы соққыдан ауыр жарақат алған қазақ әнін елуінші жылдардың басындағы саяси бұлғақ екінші рет тағы да бұтарлады. БІЛГЕН АДАМҒА КӨНЕДЕН СЫР ШЕРТЕТІН КӨП ӘНДЕРІМІЗДІҢ СӨЗІ XX ҒАСЫРДЫҢ ТІЛІМЕН ЖАЗЫЛҒАН (Күмән етсеңіз күбірлеп айтып көруіңізге әбден болады. Бәрібір де бағзыны меңзер бірде-бір ұғымды таппасыңыз имандай кәміл). АЛ ӘУЕН БОЛСА ҚОЛДАН ТЕЛІГЕН ЖАЛҒАН МӘТІНГЕ ЖАНЫ ИСІНЕ АЛМАЙ БОТАСЫ ӨЛГЕН БОЗІНГЕНДЕЙ АҢЫРАП ТҰР. Қысқасы, ХАЛЫҚ ӘНІ деген жалпылама ат жамылған ҚАЗАҚ ӘН ӨНЕРІН әр ғасырға жеке-жеке жіліктеп, хронологиялық тұрғыдан бірізділікке түсіретін мезгіл мизамы әлдеқашан жетті. Біздің бұл талпынысымыз осының бастапқы сеңі десек те болады. Сонымен орындамақ алғашқы әніміз «ШӘПИБАЙ-АУ».
Сөз ұстартқан адам ретінде бірден айта кетейін. Бұл әннің де қазіргі мәтіні XVIII ғасырдың тілі (сөзі) емес. Қос шумақтан ғана тұратын есіл әннің екінші шумағын айтуға аузымыздың дауаламағаны да осы. Іздер жоқшысы табылса түпнұсқа текістің архивтің бір қалтарысынан ұшыраса кетуі де әбден мүмкін ғой. Ал ұшығын ұстатпаған жағдайда әуеннің түпкі тінін сақтай отырып мәтінді төл XVIII ғасырлық тілде түзіп шығуға да болар еді. Әзірше мұны келесі күндердің еншісіне қалдыра тұралық. Алла жеткірсе «Ән ғұмыр» айдарының ары қарай жалғасатындығын қаперлеріңізге сала кеткіміз келеді.
Құрметпен: Ықылас Ожайұлы
https://www.youtube.com/watch?v=91vR20Zm-k4
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір